Дэвис кубогы: Қазақстан жасөспірімдер құрамасы алғашқы жеңісіне қол жеткізді
Анталия қаласындағы (Түркия) Megasaray Tennis Academy топырақ төсенішіндегі ашық корттарында жасөспірімдер арасында Дэвис кубогының финалдық кезеңі өтіп жатыр.
Қазақстан жасөспірімдер құрамасы В тобында алғашқы кездесуінде Оңтүстік Африка Республикасын 3:0 есебімен ойсырата жеңді.
Дамир Жалғасбай (№ 198 ITF Juniors) Джон Ботманы (№ 219 ITF Juniors) 6:1, 7:6 (7:5) есебімен тізе бүктірді.
Екінші болып кортқа өз елінің бірінші ракеткалары шықты. Заңғар Нұрланұлы (№ 77 ITF Juniors) Коннор Дойгқа (№ 135 ITF Juniors) еш мүмкіндік қалдырмады – 6:1, 6:1.
Жұптық сында Дамир Жалғасбай мен Даниэль Тазабеков 45 минуттың ішінде Джон Ботма – Джейден Саммерсті тас-талқан қылды – 6:1, 6:1.
Сейсенбі күні Қазақстан құрамасы Гонконгпен кездеседі. В тобында Қазақстан мен Франция алда келеді. Франциялықтар да Гонконгты 3:0 есебімен ұтты.
Қазақстан құрамаларының демеушілері - «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» акционерлік қоғамы және Sport Qory спортты қолдау қоры.
Источник: КТФ