Теннис

Елена Рыбакина Әбу-Дабиде «Үлкен дулыға» турнирінің төрт мәрте чемпионымен кездесуі мүмкін

 Елена Рыбакина Әбу-Дабиде «Үлкен дулыға» турнирінің төрт мәрте чемпионымен кездесуі мүмкін

Қазақстанның бірінші, әлемнің 5-ракеткасы Елена Рыбакина 5-11 ақпанда өтетін Әбу-Даби WTA 500 турнирінде бақ сынайды.

Жарыстың бірінші ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші доданы екінші айналымнан бастайды.

Рыбакина екінші айналымда «Үлкен дулыға» турнирінің төрт дүркін чемпионы, жапониялық Наоми Осака немесе әлемнің 71-ракеткасы, америкалық Даниэль Коллинздің қай жеңгенімен кездеседі.

Кезінде дүниежүзілік рейтингіде көш бастаған, қазір 758-орында тұрған Наоми Осака сәбилі болуына байланысты алған үзілістен кейін кортқа қайта оралған болатын. Д.Коллинз де оңай шағылатын жаңғақ емес.

Аталмыш жарыста рейтингіде 6-сатыдағы тунистік теннисші Онс Жабер екінші ракетка болып тіркелген.

Әйелдер теннисі қауымдастығының (WTA) бүгін жаңартылған рейтингісінде алғашқы үштікте өзгеріс жоқ – Польша өкілі Ига Швентек, беларусьтік Арина Соболенко және америкалық Кори Гауфф тұр.

Елена Рыбакина 5-орында қалса, Юлия Путинцева 70-тен 69-ға көтерілді.

Жұптық сында бельгиялық Элизе Мертенс, тайбэйлік Се Шувэй және аустралиялық Сторм Хантер алда келе жатса, қазақстандық Анна Данилина бұрынғыша 44-сатыда. Жібек Құламбаева 142-ден 143-ке, Рыбакина 361-ден 363-ке сырғыды. Путинцева 354-орнын сақтап қалды.


Дереккөз: kaz.inform

Басқа спорттық жаңалықтар