Дүниежүзілік көшпенділер ойындары

Астанада Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына волонтерлерді іріктеу басталды

 Астанада Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына волонтерлерді іріктеу басталды

2024 жылы 8-14 қыркүйек күндері Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Жүзден астам мемлекеттен 4 мыңға жуық спортшы қатысатын дүбірлі додаға еріктілер шақырылуда.

Бесінші дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясы елордалық ЖОО-лар мен колледждердің студенттеріне ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын бастады. Бүгін Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттерімен кездесу өтті.

Волонтерге қандай талап қойылады

«Еріктілерге қойылатын негізгі критерийлер: жасы 18-ден асуы, қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысуы, бірнеше тіл білуі, ұлттық спорттан немесе ұлттық мәдениетімізден хабардар болып, көшпенділер ойындарына шын ниетімен үлес қосуға ынтасы болуы керек.

18-ге толмаған, бірнеше тіл білетін, жан-жақты мектеп оқушылары да ұсыныс жіберіп жатыр. Біз ол ұсыныстарды жеке-жеке қарастырамыз, олардың ата-аналарынан рұқсат алу керек болады.

Басқа өңірлерден де талантты жастар хабарласса, міндетті түрде әрбірін жеке қарастырып, шешім қабылдаймыз», - дейді V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Абылай Қондыбаев.

Спикердің айтуынша, Қырғызстаннан, Ресейден, Еуропа елдеріндегі волонтерлерден де ұсыныс түсуде. Шетелдік волонтерлер де қабылданады, бірақ аса көп болмайды. Бірақ волонтерлердің негізгі контингенті Астана қаласынан болғаны абзал.

Жалпы көшпенділер ойындарына 1000 ерікті іріктеліп алынады деп жоспарланған. Сауалнаманы елордалық оқу орындарында немесе worldnomadgames.kz/ сайтында онлайн толтырып, ұйымдастырушылардан кері байланыс күту қажет. Сауалнамада үміткер жеке мәліметтерін, волонтерлік тәжірибесін, киім өлшемін, тілдерді білу деңгейін, қызығушылықтары мен дағдыларын жазу керек.

Университет базаларында немесе дирекция кеңсесінде әрбір үміткермен сұхбат жүргізіледі. Сұхбат кезінде үміткердің қабілеттері мен бейіні анықталады. Іріктеу мен өтінім қабылдау маусым айына дейін жалғасады. Іріктеудің ең соңғы кезеңі – әрбір еріктімен келісімшартқа қол қою болмақ.

Волонтерлер қандай жұмыспен айналысады

Көшпенділер ойындарында волонтерлер аудармашы, делегаттарды алып жүру, салтанатты рәсімдер және протокол, баспасөз орталығы, спорттық сайыстар, тасымалдау, орналастыру және тамақтандыру, күтіп алу және шығарып салу секілді функционалдық бағыттар бойынша бөлінеді. Әр волонтердің жұмыс күні 6-8 сағаттан аспайды.

«ЖОО басшылығына хат жолдап, ойындар кезінде волонтерді сабақтан босатуды сұраймыз. Бірақ еріктінің өзі жіберіп алған сабақтарын кейін қосымша оқып, бағдарламаны қуып жетуі керек. Төрт мың спортшыдан бөлек, Астанаға 100 мыңнан астам турист келеді деп болжанып отыр. Олармен әкімдік жұмыс істейді, өз волонтерларын шақырады. Біздің еріктілер тек қана ойынға келетін қонақтарға көмек көрсететін болады. Әр волонтер графигі өзінің функционалды бағытына байланысты болады. Мысалы, күтіп алу мен шығарып салу жұмыстары болса, түнгі уақыттағы рейстерге шығуы керек болады», - деп түсіндірді Абылай Қондыбаев.

Бұл ретте әрбір волонтер киім-кешекпен, толыққанды тамақпен, байланыспен, көлікпен қамтылады.


Дереккөз: kaz.inform

Басқа спорттық жаңалықтар