«Барыс» «Ак Барстан» төртінші мәрте жеңілді
Қазақстандық «Барыс» командасы Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің «Ак Барс» (Қазан) командасына қарсы өткізді.
Кездесу барысында ресейлік клубтың белсенділігі байқалды.
Нәтижесінде олардың қатарынан Дмитрий Юдин 4-минутта «Барыс» қақпасынан саңылау тауып кетті.
Ал 12-минутта Кирилл Семёнов «Ак Барс» басымдығын арттыра түсті.
Ойынның 19-минутында қазақстандық клубтан Давид Скленичка есеп айырмасын қысқартса, «Ак Барс» хоккейшісі Митчелл Миллер 46-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ. Осылайша «Барыс» қарсыласына 1:3 есебімен есе жіберді.
Бұл — олардың қатарынан бесінші жеңілісі. Сондай-ақ, биыл астаналық команда аталған қарсыласына төртінші мәрте жеңіліп қалды.
Айта кетсек, биыл елордалық клуб сәтсіз ойын көрсетіп келеді. Салдарынан турнир кестесінде «Барыс» қазір 55 ойыннан кейін 44 ұпаймен 19-орында тұр. Енді «Барыс» алдағы бес ойынын елордада өткізеді.
Дереккөз: kaz.inform