Australian Open

Australian Open: әйелдер арасында жартылай финалға шыққан теннисшілер анықталды

 Australian Open: әйелдер арасында жартылай финалға шыққан теннисшілер анықталды

Аустралия ашық чемпионатында әйелдер арасында жартылай финалға шыққан теннисшілер анықталды.

Өткен жылы финалда қазақстандық Елена Рыбакинаны жеңген әлемнің 2-ракеткасы Арина Соболенко биыл да чемпиондыққа беттеп келеді. Осыған дейін қарсыластарына бірде-бір сет бермеген Соболенко ширек финалда әлемнің 11-ракеткасы, чехиялық Барбора Крейчикованы да оңай ұтты – 6:2, 6:3.

Енді Белорусь өкілі жартылай финалда әлемнің 4-ракеткасы, 19 жастағы америкалық теннисші Кори Гауффпен кім мықтыны анықтайды. Осы ойын чемпиондық атақ үшін шешуші болуы әбден мүмкін.

Жас болса да жасындай жарқылдап жүрген Гауфф ширек финалда аса тартысты матчта украиналық Марта Костюкті қапы қалдырды – 7:6 (8:6), 6:7 (3:7), 6:2.

Аустралия ашық чемпионатында әлемдік рейтингіде 93-орында тұрған 23 жастағы украиналық теннисші Даяна Ястремскаяның жартылай финалға жетуінің өзі үлкен ерлікке баланып отыр. Қарсыластарын қоғадай жапырып келе жатқан бұл спортшы жарыс барысында «Үлкен дулыға» турнирінің жеңімпаздары - чехиялық Маркета Вондроушова мен белорусь өкілі Виктория Азаренконы жолдан тайдырды. Ал ширек финалда осыған дейін әлемнің 1-ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентекті ұтқан 19 жастағы чехиялық Линда Носковадан айласын асырды – 6:3, 6:4.

Ястремскаяға жартылай финалда әлемнің 15-ракеткасы, қытайлық Чжэн Циньвэнь қарсылас атанды. Ол рейтингіде 75-сатыдағы ресейлік Анна Калинскаяны жеңді – 6:7 (4:7), 6:3, 6:1.

Отандасымыз Елена бұл турнирде сәтті өнер көрсеткенде қытайлық теннисшімен кездесуі ықтимал еді. Өкінішке қарай Рыбакина екінші айналымда ресейлік Анна Блинковаға есе жіберді. Анна келесі айналымда италиялық Ясмина Паолиниден жеңіліп қалды. Ал Паолиниді Калинская тоқтатқан еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия ашық чемпионатында жасөспірімдер арасында қазақстандықтардан алғаш болып Әмір Омархановтың ширек финалға шыққанын жазған едік.


Дереккөз: kaz.inform

Басқа спорттық жаңалықтар