Қырғызстан президенті өзбекстандық бапкерге көлік мінгізді

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Париждегі жазғы Олимпиада ойындарында қырғыз боксшысы Мұнарбек Сейітбекуулына көмектескен өзбек жаттықтырушысы Акмаль Хасановпен кездесті, деп хабарлайды kaktus.media басылымы.
Қырғыз елінің басшысы өзбек жаттықтырушысын арнайы қабылдап, жарыс кезіндегі көмегі үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ сый-құрмет көрсетіп, көлік мінгізді.
«Бүкіл әлем Орталық Азия халықтарының бір-бірін қолдап, бірлігі мен достық қарым-қатынастарын көрсетіп жатқанын көрді. Спортты бейбітшіліктің елшісі деп атайды. Өз үлгіңізбен Сіз өзара келісімді нығайтуға үлес қосып отырсыз. Бірлігіміз одан әрі нығая берсін деп тілеймін», - деді Садыр Жапаров.
Сонымен қатар Қырғызстан президенті өзбек спортшыларының Олимпиада ойындарындағы нәтижесін жоғары бағалады. Акмаль Хасановтың Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Мунарбек Сейитбекуулуна ерекше қолдауға мұқтаж болған сәтте батырлық жасағанын айрықша атап өтті.