Жасөспірімдер Олимпиадалық Ойындары

Канвон-2024: Олимпиаданың бойтұмары Астанаға келді

 Канвон-2024: Олимпиаданың бойтұмары Астанаға келді

Оңтүстік Кореяның Канвон қаласында өтетін IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасының бойтұмары Астанаға келді.

ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, Олимпиадаға дайындық жөніндегі штабтың жұмысы жалғасып жатыр.

Канвондағы Жасөспірімдер арасындағы қысқы Олимпиада қарсаңында штаб кеңсесінде Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев пен Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжо Тэ-Ик кездесті.

Корея Республикасының Елшісі Қазақстанмен туризм және спорт саласында өзара ынтымақтастықта жұмыс істеуге мүдделі екендігін жеткізді.

Кездесу барысында екі елдің өкілдері Ойындарды талқылап, осы жарыстан, қазақстандық спортшылардан қандай нәтиже күтетініне қатысты ой бөлісті.

Жиын соңында Корея Республикасының Елшісі Жасөспірімдер Олимпиадасының бойтұмарын сыйлап, Қазақстан спортшыларына алдағы байрақты бәсекеде сәттілік тіледі.

«Канвондағы Жасөспірімдердің қысқы Олимпиадасының бойтұмары біздің штаб кеңсесінде өз орнын тауып, алдағы төрт жылдықтың басты бәсекесіне қатысатын қыз-жігіттерімізге сәттілік алып келеді деген сенімдеміз», - деді Ермек Маржықпаев.

Еске сала кетейік, IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасы биыл 19 қаңтар мен 1 ақпан аралығында Оңтүстік Кореяның Канвон қаласында өтеді.

Қазақстан намысын спорттың бес түрі мен 10 дисциплина бойынша 42 спортшы қорғайды. Атап айтар болсақ, биатлон, керлинг, конькимен жүгіру, шорт-трек, шайбалы хоккей, шаңғы жарысы, шаңғымен тұғырдан секіру, шаңғы қоссайысы, тау шаңғысы, фристайлдан параллельді могул бойынша бақ сынайды.


Дереккөз: kaz.inform

Басқа спорттық жаңалықтар