Канвон-2024 қысқы жасөспірімдер Олимпиадасында Қазақстан намысын 42 спортшы қорғайды
19 қаңтар күні Канвонда (Оңтүстік Корея) 2024 жылдың алғашқы ірі жарысы – жасөспірімдердің қысқы Олимпиадасы басталады. Бүгін Астанада Ұлттық Олимпиада комитеті (ҚР ҰОК) мен Қазақстан Республикасы спорт және туризм Министрлігінің бірлескен жиыны өтіп, ұлттық құрама команданың алдағы қысқы жасөспірімдер Олимпиадасына қатысу мәселесі қаралды.
Жұмыс отырысы жақында спорт және туризм Министрлігі мен Ұлттық Олимпиада комитеті бірлесе ашқан Жедел орталықта өтті. Орталықта жас спортшылардың Канвондағы нәтижелеріне жедел мониторинг жасалады. Кейін аталған Жедел орталық 2024 жылғы Париж Олимпиадасына дайындық кезеңінде жұмыс істемек.
2024 жылғы жасөспірімдердің қысқы Олимпиадасына құрама команданың дайындығы туралы ведомство басшылары, бас бапкерлер мен мемлекеттік жаттықтырушылар мәлімдеп, қазіргі таңда жасөспірімдер құрамасының дайындықтың соңғы кезеңін өткізіп жатқанын хабарлады.
«Оңтүстік Кореядағы жасөспірімдер Олимпиадасында Қазақстан намысын спорттың бес түрі мен 10 дисциплина бойынша 42 спортшы қорғайды. Атап айтар болсақ, биатлон, керлинг, конькимен жүгіру, шорт-трек, шайбалы хоккей, шаңғы жарысы, шаңғымен тұғырдан секіру, шаңғы қоссайысы, тау шаңғысы, фристайлдан параллельді могул бойынша бақ сынайды.
Біздің спортшылар 30 жолдама жеңіп алды. 2020 жылы Лозаннада өткен қысқы жасөспірімдер Олимпиадасымен салыстырғанда алға жылжу байқалады. Өйткені, төрт жыл бұрын біздің құрама төрт спорт түрі бойынша 26 атлетті жарысқа қосқан болатын. Одан бөлек, Канвон-2024 қысқы ойындарында ұлттық құрама жетістікке жететін әлеуетке ие деп сеніммен айта аламын», - деді жиында сөз алған ҚР ҰОК бас хатшысы Андрей Крюков.
Канвондағы қысқы жасөспірімдер Олимпиадасы 19 қаңтар мен 1 ақпан аралығында өтеді. Аталған жарысқа әлемнің 50 мемлекетінен 1800 спортшы қатысады. Жеті спорт түрінен (15 дисциплина) 81 медаль жиынтығы сарапқа салынады.