Оқ ату

"Екі жолдама алуды көздеп отырмыз": Стенд атудан Қазақстан командасы лицензиялық турнирге дайындалуда

Стенд атудан Қазақстан командасы Катар астанасы Дохада оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр.

Аталған жиыннан соң отандық мергендер Кувейтте өтетін лицензиялық Азия чемпионатына аттанады. Команданың бас бапкері Сергей Колос Olympic.kz сайтына сұхбат беріп, спортшылардың қазіргі дайындығы туралы айтты.

«Қазіргі таңда Дохада жаттығу жиынына қатысып жатырмыз. 12 спортшы Әл-Кувейтте өтетін лицензиялық Азия біріншілігіне қатысады. Азия чемпионаты «скит» және «трап» бағдарламасы бойынша өтеді. Аталған жарыста екі жолдама жеңіп алуды мақсат етіп отырмыз. Лицензиялық турнир аяқталған соң, рейтингілік әлем кубогі кезеңдері жалғасын табады. Атап айтар болсам, Египет, Марокко, Катар мемлекеттерінде олимпиадалық ұпай беретін жарыстар өтеді», - деді бас бапкер.

Стенд атудан Қазақстан командасының үздігі Әсем Орынбайдың айтуынша, спортшылар лицензия алу үшін барын салады.

«Олимпиада басталғанға дейін еш үзіліс жоқ. Лицензиялық Азия чемпионатынан бөлек, рейтингілік әлем кубогі кезеңдері бар. Сол жарыстардың бәріне қатысамыз. Кубоктік турнирлерде рейтингілік ұпай беріледі. Ал Катарда өтетін әлем кубогінде ұпай емес, бірден жолдама беріледі. Яғни, алғашқы үш орынды иеленген спортшылар автоматты түрде Олимпиадаға жолдама алады», - деді Орынбай.

Айта кетелік, Катардағы жаттығу жиыны 11 қаңтарға дейін жалғасады.

Басқа спорттық жаңалықтар