Спорт министрлігі 2023 жылды қорытындылады
Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары 2023 жылы 1 400-ден аса халықаралық жарысқа қатысып, 864 медаль жеңіп алды.
Оның ішінде ұлттық құрама қоржынында 291 алтын, 262 күміс және 311 қола медаль бар. Атап айтар болсақ, әлем чемпионаттарында – 68, Азия біріншіліктерінде – 47 және Азия ойындарында 10 алтын медаль жеңіп алды.
Сонымен қатар биыл қазақ спорты тарихында айтулы жетістіктер, тарихи жеңістер аз болған жоқ. Мәселен, Бельгияның Антверпен қаласында ұйымдастырылған спорттық гимнастикадан кезекті әлем чемпионатында Милад Карими 26 жылдан кейін ел қоржынына жүлде салып, әлем біріншілігінің қола жүлдегері атанды. Осы тарихи табысынан кейін Милад Париж Олимпиадасының лицензиясын иеленді.
Еркін күрес: еркін күрес балуаны Ризабек Айтмұхан күрес түрлерінен әлем чемпионатында жанкүйерлер 30 жыл күткен алтын медалді сыйлады. Отандық балуандардар 1993 жылдан бері әлем чемпионатына қатысып келе жатса да, тек биылғы додада 92 келі салмақтағы Ризабек Айтмұхан топ жарды. Жалпы ел тарихында бұған дейін 6 әлем чемпионы шыққанымен, Ризабек небәрі 19 жасында жеңіс тұғырына көтерілген алғашқы балуан.
Семсерлесу: Азия чемпионатының үш дүркін чемпионы, Азия ойындарының күміс және қола жүлдегері Руслан Құрбанов Италияның Милан қаласында өткен әлем чемпионатында ел тарихында алғаш рет әлем біріншілігінің қола жүлдесіне қол жеткізді.
Су спорты: Қазақстандық Эдуард Ким су спорты түрлерінен Жапонияда өткен әлем чемпионатында әртістік жүзі бойынша қола жүлдегер атанып, Қазақстан құрамасына су спорты түрлерінен алғашқы жүлдені сыйлады.
Каратэ: Мажарстан астанасы Будапештте өткен каратэден әлем чемпионатында Мөлдір Жаңбырбай топ жарып, ел тарихында аталған спорт түрінен тұңғыш әлем чемпионы атанды. Мөлдір өзінің жарыс жолында Алжир, Жапония, Словакия, Венесуэла елдерінен келген қарсыластарын ойсырата жеңіп, финалда Италия спортшысынан басым түсіп, алтын жүлде иеленді.
Самбо: Самбодан Арменияда өткен 48-ші әлем чемпионатында жерлестеріміз тағы бір тарихи алтынға қол жеткізді. Ауыр салмақта өнер көрсеткен Арайлым Әбенова финалда ресейлік қазақ Жанара Құсанованы айқын жеңіп, Арменияда әнұранымызды шырқатты. Осылайша, тұңғыш рет ауыр салмақтағы қазақ қызы самбодан әлем чемпионы атанды. Қазақстан спортшылары самбо күресінен әлем чемпионатына 1992 жылдан бері тұрақты түрде қатысып, 30 жылдың ішінде 27 алтын медаль иеленді.
Шайбалы хоккей: Мажарстан астанасы Будапешттегі шайбалы хоккейден жастар арасындағы IA дивизионының әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы бас жүлдені олжалап, элиталы дивизионға жолдама алды. Жастар құрамасының осы жеңісінен кейін Қазақстан тарихи жетістікке қол жеткізді. Яғни, 2024 жылы өтетін әлем чемпионатының топ-дивизионында бірден үш құрамамыз – жасөспірімдер, жастар және ересектер арасындағы ұлттық құрама өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды.
Шахмат: Шахматтан Польшада өткен қыздар арасындағы командалық әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы күміс медаль олжалап, тарихта алғаш рет жүлдегерлер қатарынан көрінді. Бұл жарыста Бибісара Асаубаева, Меруерт Камалиденова, Алуа Нұрманова, Әмина Қайырбекова, Ксения Балабаева, Әсел Серікбай ел намысын қорғады.
Дереккөз: prosports.kz