Недовесов жұптық сында Швециядағы турнирдің ширек финалына жетті
Қазақстанның жұптық сындағы бірінші ракеткасы Александр Недовесов Бостад (Швеция) қаласында өтіп жатқан ATP 250 турнирінің ширек финалына өтті.
Жарыстың 1-ракеткалары болып тіркелген Недовесов пен эквадорлық Гонсало Эскобар бастапқы кездесуін португалиялықтар Нуну Боржеш пен Франсишку Кабраль дуэтіне қарсы өткізді.
Бірінші партияда португалиялық жұп айқын басымдылық танытты – 6:1. Есесіне қазақстандық-эквадорлық жұп камбэк жасай білді – 6:3, 10:5.
Бір сағат 18 минутқа созылған матчте қазақстандық пен эквадорлық дуэт 2 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың біреуін пайдаланды. Боржеш – Кабраль 5 эйс, 2 брейкпен көзге түсті.
Енді Александр Недовесов пен Гонсало Эскобар жартылай финалға өту үшін аргентиналық Федерико Кориа мен жапониялық Таро Дэниел жұбымен ойнайды.