Бапкер Ыстамбұлда ешбір балуанымыз лицензияға жете алмағына қатысты ойын айтты

Еркін күрестен Қазақстан командасының бас бапкері Мадияр Құрамысов Түркияда өткен соңғы іріктеу турниріне қатысты өз ойын айтты.
Бұл жарысқа қатысқан үш қазақстандық балуан да лицензияға қол жеткізе алмады. Олар Рахат Қалжан (57 келі), Адлан Асқаров (65 келі) және Нұрғожа Қайпанов (74 келі).
"Негізі, жігіттер жақсы күресті. Бірақ шешуші сәтте шеберлік жетпей қалды. Құрамға келер болсақ, жігіттердің бәрін әділетті түрде таңдап алдық.
Адлан Асқаров салыстырмалы түрде Бішкекте күрескен Майс Алиевтен мықтырақ. Рахат Қалжан да ең соңына шейін күресті.
Ал Нұрғожа Қайпановтың әлеуеті осы. Бұдан биікке секіре алмайды. Қазір ол сынға түсетін 74 келі еркін күрестегі ең беделді салмақ. Сондықтан, алысқа бармады. Ыстамбулдағы турнирден соң айтарға сөз жоқ", - деді Құрамысов.