Амир Омарханов Қазақстан чемпионатының жартылай финалына өтті

Астанада өтіп жатқан жазғы ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатының ерлер арасындағы жекелей сынының жартылай финалистері белгілі болды.
Өткен жылғы ел чемпионы Григорий Ломакин атағын қорғауды cәтті жалғастырып жатыр. Ол ширек финалда Артем Сидоровты 6:4, 6:3 есебімен жеңіп, келесі кезеңге өтті. Енді оның жартылай финалдағы қарсыласы Теміртау қаласының өкілі Тимур Мауленов болмақ. Өз кезегінде Тимур Мауленов 1/4 финалда Дамир Дюсенгазиннен 7:5, 6:2 есебімен басым түсті.
Ал екінші жартылай финалда 17 жастағы Амир Омарханов пен Ислам Орынбасар күш сынасады. Турнирдің екінші нөмірлі ойыншысы, ATP рейтингінде 911-орында тұрған Омархановқа Тимур Сауленко еш қарсылық көрсете алмады. Әмір небәрі жарты сағаттың ішінде қарсыласын 6:0, 6:1 есебімен оңай жеңді. Ал Ислам Орынбасар 1/4 финалда Мансур Саиновты 7:5, 7:5 ұтты.