7 жастағы қазақ қызы шахматтан әлем чемпионы таанды
Астаналық Алиша Бисалиева Қазақстан шахматшылары арасында бірінші болып 2024 жылдағы әлем чемпионы атанды. Ол Албанияның Дуррес қаласында 8 жасқа дейінгілер арасында рапидтен топ жарды.
Адриатика теңізі жағасында орналасқан Дуррес қаласында тез шахматтан (рапид және блиц) кадеттер арасында (FIDE World Cadet Rapid & Blitz Championships 2024) өткен әлем чемпионатына қырыққа жуық елден жас шахматшылар үш салмақ санатында сынға түсті.
«Біздің жас шахматшылар ең жоғары деңгейдегі жарқын жеңістерімен қуантуды жалғастыруда. Алтынды қосқанда, рапид пен блицтен әлем чемпионатындағы алты медаль — бірінші кезекте бапкерлік штаб, ата-аналар мен спортшылардың өздерінің үлкен жұмыстарының нәтижесі. Бұл балалар — Қазақстанның ғана мақтанышы емес, шахматпен енді айналыса бастаған жүздеген және мыңдаған құрбы-құрдастары үшін тамаша үлгі», - деді Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов.
Аталмыш жарыста Қазақстаннан барлығы 22 жас шахматшы өнер көрсетіп, 6 медаль жеңіп алды. Соның ішінде астаналық Алиша Бисалиева 8 жасқа дейінгілер арасында рапидтен алдына жан салмады. Оған қоса Алиша блицтен күміс алды.
Блицтен сондай-ақ ақтөбелік Нұралы Нұршин күміс медальді еншіледі. Ал түркістандық Нұрислам Сұлтанхан (рапид, 8 жасқа дейінгілер), ақтөбелік Ханзада Аманжол (рапид, 12 жасқа дейінгілер) және астаналық Әлімжан Жауынбай (блиц, 10 жасқа дейінгілер) үздік үштікті түйіндеді.