Хоккей
Қазақстандық хоккейші Түркияның чемпионы болды
Павлодарлық «Ертіс» хоккей клубының бұрынғы ойыншысы, қазіргі таңда түркиялық «Буз Адамлар» командасында өнер көрсетіп жүрген қазақстандық Бертан Демирделен Түркия чемпионы атанды, деп хабарлайды «Головой об лед».
Тұрақты маусымда Бертан 10 ойында 32 ұпай (11+21) жинады. Плей-офф кезеңіндегі статистикасы: 5 ойында 4 ұпай (3+1).
Айта кетейік, «Буз Адамлар» Еуропаның Құрлықтық кубогында (осы маусымда Астананың «Номад» жеңімпазы атанды) тұрақты өнер көрсетеді.
Осы маусымда түркиялық команда «Вильнюс Панксты» 6:0, одан кейін «Льеж Бульдогсты» 4:1 және испаниялық «Барселонаны» 9:4 есебімен жеңді. Дәл Испания клубына қарсы ойында отандасымыз 2 шайба соғып, 2 нәтижелі пас берді.