Қазақстандық синхрон жүзуші “Жыл спортшысы” атағына үміткер атанды
Әртістік жүзуден Қазақстан ұлттық құрамасының спортшысы Виктор Друзин World Aquatics халықаралық федерациясының нұсқасы бойынша "Жыл спортшысы" атағына үміткерлер тізіміне енді.
Сондай-ақ бұл атаққа үміткерлер тізімінде италияндық Джорджио Минисини, америкалық Кеннет Гауде, испандық Деннис Гонсалес, колумбиялық Густаво Санчес те бар. Үміткерлердің біріне дауыс беру үшін World Aquatics-тың Instagram парақшасында Stories бөліміне лүпіл қойып (1 лүпіл = 1 дауыс), қатысуға болады.
Сонымен қатар жеңімпазды таңдауда осы спорттық ұйымның кандидаттарды ұсыну комитетінің пікірлері де ескеріледі.
Айта кетейік, Друзин маусымды табысты аяқтап, әлем кубогы кезеңдерінде бірнеше медаль жеңіп алды, оның ішінде Канадада қол жеткізген алтын медалі де бар.