Қолы сынған Маддалена Рахмоновты тағы да айқасуға шақырды
UFC-де жартылай орта салмақта өнер көрсететін аустралиялық Джек Делла Маддалена (17-2) қазақстандық файтер Шавкат Рахмоновпен (18-0) жұдырықтасқысы келетінін кезекті рет мәлімдеді.
Оның сөзінше, ол тамыз айында дайын болады. Маддалена әлемді таңдандырып "Номадты" нокаутқа түсіретінін айтады.
"Ол жарқат алған, мен де. Тамыз айының басында жекпе-жекке шыға аламын. Бұл титул үшін үлкен іріктеу жекпе-жегі болады. Меніңше, оны нокаутпен немесе сабмишенмен жеңемін, октагонға шығып әлемді таңдандырамын", - дейді Маддалена ESPN MMA арнасына берген сұхбатында.
Аустралиялық файтер 10 наурызда өткен UFC 299 турнирінде бразилиялық Гилберт Бернсті (22-7) жеңіп, рейтингте бесінші орынға көтерілген еді. Дәл осы айқаста ол қолын сындырып алған болатын.