Құрлықтық хоккей лигасы

«Барыс» таяу шығысқа барып, жеңіспен оралды

«Барыс» таяу шығысқа барып, жеңіспен оралды

«Адмирал» мен «Барыс» командалары арасындағы екінші ойында қазақстандық команда жеңілістер сериясын үзді.

Астаналықтардың жаттықтырушылар штабы кешегі ойынмен салыстырғанда команда құрамына үш өзгеріс енгізді. Шабуыл шебінде Евгений Рымарев пен Әлихан Өмірбеков Әлихан Әсетов пен Максим Мусоровты алмастырды. Бірінші минуттардан қақпаны қорғауға Эдвард Паскуале шықты.

Қонақ команданың қақпашысы бастапқы минуттардан ойынның басты қаһарманына айналды. «Адмирал» шабуылды қарша боратқан кезде Паскуале қақпасын голдан аман сақтап қалды, тіпті Джованни Фьоре орындаған айыппұл соққысын қайтарды. Орталық аймақта қарсыласынан шайбаны алып кетіп, қақпаны дәл көздеген Евгений Рымарев есеп ашқан сәт ойынды өзгертті. Біраз уақыттан кейін Энтони Камара айдын иелерінің қақпасына екінші голды соқты.

Екінші кезеңде ойын өрнегі өзгерген жоқ. Айдын иелері қарсылас аймағында шайбаны ұзақ уақыт бақылады, ал астаналықтар өз сәтін күтті. Солардың бірінде Роман Старченко Евгений Рымаревке әдемі пас шығарып берді, ал «Барыс» командасының 88-ші нөмірі қос шайбаның авторы атанды.

Соңғы кезеңде Александр Горшков пен Дмитрий Завгородний соққан голдар айдын иелеріне ойынға оралуға мүмкіндік берді. Бірақ астаналықтар 51 соққыға тойтарыс берген Паскуаленің арқасында жеңісті есепті сақтап қалды.

16 ақпан күні Олег Болякиннің шәкірттері Хабаровск қаласында «Амур» командасымен ойнайды.

«Адмирал» – «Барыс» 2:3 (0:2, 0:1, 2:0)

0:1 – 13:58 – Рымарев

0:2 – 18:06 – Камара (Оберг)

0:3 – 34:59 – Рымарев (Старченко)

1:3 – 44:11 – Горшков (Берлев, Бучельников) КГ

2:3 – 57:13 – Завгородний (Петьков)

Қақпашылар: Демченко (Иванов, 20:00-40:00) – Паскуале


Дереккөз: hcbarys.kz

Басқа спорттық жаңалықтар