Волейбол

Волейболдан Қазақстан чемпионатында «Павлодар» «Ақтөбеден» айласын асырды

 Волейболдан Қазақстан чемпионатында «Павлодар» «Ақтөбеден» айласын асырды

Волейболдан ерлердің Ұлттық лига командалары арасында Ақтөбе қаласында ХХХІІ Қазақстан чемпионатының төртінші туры өтіп жатыр.

Сейсенбі күні алдымен турнир кестесінде үшінші сатыда келе жатқан «Жайық» (Орал) пен көш соңындағы «Ұшқын-Көкшетау» алаңға шықты.

Бұл ойында оралдықтар 3:0 (25:20, 25:23, 25:22) есебімен ұтып, ұпай санын 44-ке жеткізді.

Екінші орындағы «Тараз» төртінші сатыдағы «Есілді» (СҚО) 3:0 (27:25, 25:20, 25:23) есебімен тізе бүктірді.

«Жетісу жастарынан» 3:1 (25:18, 25:21, 25:27, 25:19) есебімен айласын асырған Алматының «Буревестнигі» 27 ұпай жинап, «Есілге» (32 ұпай) бір табан жақындай түсті.

Бұл күні ел чемпионы «Павлодар» мен «Ақтөбе» арасындағы кездесу қызу өтті. Осының алдында «Жайықты» жеңген ақтөбеліктер жанкүйерлердің қолдауымен павлодарлықтарға қарсы тұруға тырысты. Дегенмен «Павлодар» клубы шеберліктерінің басым екендігін дәлелдеді – 3:1. (25:19, 25:18, 22:25, 25:21).

Көш басындағы «Павлодардың» есебінде 55, «Тараздың» қоржынында 51 ұпай бар.


Дереккөз: kaz.inform

Басқа спорттық жаңалықтар