Александр Бублик Роттердамда 12 эйс жасап, екінші айналымға өтті
Қазақстанның бірінші, әлемнің 23-ракеткасы Александр Бублик Роттердам (Нидерланд) ATP 500 турнирін жеңіспен бастады.
Ірі жарыстың 8-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингіде 31-орында тұрған хорватиялық Борна Чоричпен бетпе-бет келді.
Жуырда, 4 ақпан күні Монпелье (Франция) ATP 250 додасының финалында Бублик Чоричті 5:7, 6:3, 6:2 есебімен ұтып, чемпион атанған еді.
Бұл жолы бірінші партияда есеп 3:2 болған мезетте қазақстандық спортшы брейк жасай білді – 6:3.
Екінші сетте есеп 2:2 болғанда, Бублик қайтадан брейк жасап, алға кетті – 4:2. Ақыры сол басымдылығынан айырылмады – 6:4.
1 сағат 51 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында Александр 12 эйс жасап, 8 брейк-пойнттың екеуін мүлт жібермеді. Чорич 3 эйс жасағанымен, 5 брейк-пойнтын пайдалана алған жоқ.
Александр Бублик ширек финалға шығу үшін әлемдік рейтингіде кезінде үшінші орынға дейін көтерілген, қазір 309-сатыдағы, 2016 жылғы Уимблдонның финалисі, 33 жастағы канадалық Милош Раоничпен таласады. Ол бастапқы кездесуінде әлемнің 141-ракеткасы, нидерландылық Йеспер Де Йонгты тізе бүктірді – 7:6 (7:5), 6:4.
Жүлде қоры 2,1 млн АҚШ долларынан асатын Роттердам турнирі 18 ақпанда аяқталады.
Дереккөз: kaz.inform