Ұлттық спорт

Теңге ілу федерациясы көшпенділер ойынына дайындықты бастады

 Теңге ілу федерациясы көшпенділер ойынына дайындықты бастады

Бүгін Астана қаласындағы Qazaqstan жеңіл атлетика кешенінде Ұлттық спорт қауымдастығының теңге ілу федерациясы өңірлік теңге ілу спортының жаттықтырушыларымен кеңейтілген алқа отырысын өткізді.

Отырыста федерация президенті Амангелді Әбдіқадыров федерацияның өткен жылғы жұмысын қорытындылап, 2024 жылы республикалық және халықаралық деңгейде өтетін шараларға тоқталды.

Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының вице-президенті Тастанбек Есентаев барлық федерацияларға 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойынын жоғары деңгейде өткізуге дайындықты күшейту міндеті тұрғанын атап өтті.

Отырыста теңге ілу спортын одан әрі дамыту және ойын ережелерін нақтылы жүйеге келтіріп, жетілдіру жағы да сөз болды.

Жиын қорытындысы бойынша ұлттық спортты дамытуға қосқан үлесі үшін бірқатар қатысушылар федерацияның алғыс хатымен марапатталды.

Айта кетейік, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары — этникалық, дәстүрлі спорт түрлері бойынша өтетін халықаралық жарыс.

2014, 2016 және 2018 жылдары Қырғызстанның Шолпан Ата қаласында өтсе, 2022 жылы Түркияның Изник шаһарында төртінші Дүниежүзілік ойындар ұйымдастырылды.

Енді V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны биыл, яғни 2024 жылы 8-14 қыркүйек аралығында Астана қаласында өтеді.


Дереккөз: kaz.inform

Басқа спорттық жаңалықтар