Хоккей

«Барыс» тағы жеңілді

 «Барыс» тағы жеңілді

Қазақстандық «Барыс» командасы бүгін Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің СКА (Санкт-Петербург) командасына қарсы өткізді.

Биыл ресейлік клуб жақсы ойын өрнегімен көзге түсіп келеді. Турнир кестесінде 60 ойыннан кейін 84 ұпаймен 4-орында тұр. Плей-офф сатысына берілген жолдаманы қалтаға басып үлгерді.

Есесіне «Барыс» жарыстың алдағы сатысына шығу мүмкіндігінен алыстап кетті. Турнир кестесінде «Барыс» 59 ойыннан кейін 44 ұпаймен 22-орынды місе тұтып тұрған жайы бар.

Бүгінгі кездесу барысында командалар алғашқы екі кезеңде есеп аша алған жоқ.

Үшінші кезеңді қазақстандық команда сәтті бастады. Ойынның 41-минутында «Барыс» хоккейшісі Нельсон Ножье мергендік танытты. Ойынның негізгі кезеңінің бітуіне небәрі 52 cекунд қалғанда СКА хоккейшісі Александр Никишин таразы басын теңестіріп кетті. Негізгі кезеңі 1:1 есебімен аяқталып, ойын овертаймға ұласты.

Овертаймда жеңімпаз анықталған жоқ. Буллитте СКА командасы жеңіске жетті.

Қазақстандық ұжым бұдан кейінгі ойында елордада 10 ақпанда «Спартак» (Мәскеу) клубымен ойнайды.

Барыс (Астана) - СКА (Санкт-Петербург) 1:2 Б (0:0, 0:0, 1:1, 0:0, 0:1)

Шайбалар:

1:0 - Ножье (Старченко, Скленичка) - 41:54 ГБ

1:1 - Никишин (Хайруллин, Кадейкин) - 59:18

1:2 - Хайруллин - 65:00 Б

Қақпашылар: Паскуале - Мойсевич


Дереккөз: kaz.inform

Басқа спорттық жаңалықтар