Қазақстан Ұлттар лигасында Аустриядан оңбай ұтылды
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Аустриядан ойсырай ұтылды. Линцте өткен ойында алаң иелері 4:0 есебімен жеңіске жетті.
Ойында Аустрия құрамасы жылдам гол соқты. Қазақстан құрамасы қорғаушыларының қателігінен кейін Кристоф Баумгартнер есеп ашты. Оның жерлете тепкен добын Игорь Шацкий қайтарып үлгермеді. Ал оған дейін бірнеше рет қақпасын голдан сақтап қалған еді.
Аустрия құрамасы екінші таймды ширақ бастады. Нәтижесінде, 53 және 56-минуттарда екі гол соғып кетті. Филипп Линхарт пен Марсель Забитцер мергендігімен көзге түсті.
78-минутта аустриялықтар ойындағы төртінші голын соқты. Бұл жолы екінші таймда алаңға шыққан Маттиас Сейдль өз еншісіне жазды.
Станислав Черчесов жаттықтыратын құрама жүйелі ойын, ширақ шабуыл мен қарымды қорғаныста сәтті ойнай алған жоқ. 3-турдан кейін 1 ұпаймен Ұлттар лигасының В дивизионындағы 3-топта соңғы орында тұр.