Абат Айымбетов Түркия чемпионатына ауысады
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы Абат Айымбетов Түркия Суперлигасында өнер көрсететін "Адана Демирспор" командасына ауысады.
Meta-ratings порталының мәліметінше, Айымбетов "Адана Демирспор" клубында сенегалдық ойыншы М’Бая Ньянгтің орнын басуы мүмкін. Нянг Түркия чемпионатында 16 матчқа қатысып, 8 голмен көзге түскен. Бірақ 29 жастағы футболшының "Адана Демирспордың" бас бапкерімен және басшылығымен арақатынасы бұзылып, нәтижесінде ойыншы 200 мың еуроға сатылатын болды. Meta-ratings порталы Нянг жақында италиялық "Эмполи" клубына ауысатынын жазды.
Порталдың ақпаратына сүйенсек, Абат Айымбетов 31 қаңтарда медициналық тексеруден өту үшін және келісімшартқа қол қою үшін Қазақстаннан Түркияға ұшып кетті.
Айта кетейік, Абат Айымбетов осыған дейін Қазақстан Премьер лигасының клубтарында өнер көрсеткен. Атап айтқанда "Астана" футбол клубының сапында өткен маусымда 25 матчқа қатысып, 8 рет мергендігімен көзге түсті және 3 рет нәтижелі пас берді. Соның арқасында елордалық команда Қазақстан Премьер Лигасында 2-орын алды. Ал Абаттың жаңа командасы қазір Түркия чемпионатында 8-орында келеді.