Жасөспірімдер Олимпиадалық Ойындары

«Қош бол, Канвон!»: Олимпиаданың жабылу салтанаты өтті

 «Қош бол, Канвон!»: Олимпиаданың жабылу салтанаты өтті

Бүгін Оңтүстік Кореяның Канвон қаласында өткен IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасының салтанатты жабылу рәсімі өтті.

Youth Olympic Park спорт кешенінде ұйымдастырылған іс-шарада еліміздің көк Туын Берік Боранбаев пен Мерей Тастемір ұстап шықты.

Естеріңізге сала кетсек, Олимпиаданың ашылу салтанатында Қазақстан туын конькимен жүгіруден ұлттық құраманың мүшесі Кристина Шумекова мен шорт-трекші Ерасыл Шыңғысхан алып шыққан болатын.

Канвон Олимпиадасында қазақстандық спортшылар 1 алтын, 2 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте 20-орынға табан тіреді.

Олимпиада ойындарында Қазақстан жасөспірімдер құрамасы сапында 41 спортшы 5 спорт түрінен бақ сынап, 55 жүлде жиынтығын сарапқа салды. Атап айтар болсақ, биатлон, керлинг, конькимен жүгіру, шорт-трек, шайбалы хоккей, шаңғы жарысы, шаңғымен тұғырдан секіру, шаңғы қоссайысы, тау шаңғысы, фристайлдан параллельді могул бойынша сынға түсті.

Аталған жарысқа әлемнің 80-ге жуық елінен 1 800 спортшы қатысып, жүлделі орындарға таласты. Жалпы спорттық додада 7 спорт түрінен (15 дисциплина) 81 медаль жиынтығы сарапқа салынды.

«Канвонда алауы тұтанған Жасөспірімдердің қысқы Олимпиадасы өз мәресіне жетті. Қазақстан құрамасының жас атлеттері Корея жеріндегі байрақты бәсекеде ел намысын абыроймен қорғап, жанкүйерлерді жүлделермен қуантты. Ұлттық құраманың болашақ ізбасарлары Канвонда 1 алтын, 2 қола медаль олжалап, Жасөспірімдер Олимпиадасында бұрын-соңды болмаған тарихи нәтиже көрсетті. Осындай тамаша жетістікке қол жеткізген жас атлеттерімізді Олимпиаданы сәтті аяқтауымен шын жүректен құттықтаймын. Барлық спортшымыз алдағы уақытта өздеріне қажет болатын құнды тәжірибе жинап қайтты», - деді Ермек Маржықпаев.

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан спортшылары үш қысқы Жасөспірімдер Олимпиадасына қатысып, 5 медаль жеңіп алған болатын. 2012 жылғы Инсбруктегі (Аустрия) Олимпиадада отандастарымыз 1 күміс, 2 қола олжаласа, Лиллехаммерде (Норвегия) екі қоламен шектелген еді. Осыдан 4 жыл бұрын Лозаннада (Швейцария) өткен ойындарда өкінішке қарай, құрама қоржыны бос қайтқан еді.


Дереккөз: kaz.inform

Басқа спорттық жаңалықтар