0

Канвон-2024: Керлингтен отандастарымыз қарсыластарын бірінші рет ірі есеппен ұтты

 Канвон-2024: Керлингтен отандастарымыз қарсыластарын бірінші рет ірі есеппен ұтты

Бүгін Оңтүстік Кореяның Канвон қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер Олимпиадасында керлингтен аралас жұптық бәсекеде жерлестеріміз бірінші рет қарсыластарын ірі есеппен ұтты.

Осы орайда бірден айта кетейік, қазақстандық спортшылар керлингтен қысқы жасөспірімдер Олимпиадасында бірінші рет өнер көрсетіп жатыр. Сондай-ақ, бүгінгі жеңісі — осы Олимпиада ойындарының топтық кезеңіндегі алғашқы ірі жеңісі.

Бүгін ел намысын қорғаған Мерей Тастемір мен Ибрагим Тастемір жұбы Италия құрамасын 10:2 есебімен қапы қалдырды.

Ертең Астана уақыты бойынша 9:30-да құрамамыз шешуші ойынды Данияға қарсы өткізеді. Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін қазақстандық керлинг шеберлері Швейцарияға 1:9 есебімен жол берсе, Аустрия құрамасынан 4:5 есебімен ұтылды. Ал германиялық құрдастарына қарсы сында 4:8 есебімен есе жіберді.

Айта кетейік, Оңтүстік Кореядағы жасөспірімдер Олимпиадасында Қазақстан намысын спорттың 5 түрінен 10 дисциплина бойынша 41 спортшы қорғап жатыр.

Канвонда қысқы жасөспірімдер Олимпиадасының алауы 19 қаңтар күні тұтанған болатын. Жарыс 1 ақпанда мәресіне жетеді.


Дереккөз: kaz.inform

Басқа спорттық жаңалықтар