«Барыс» жыртқыштай күресті, бірақ автопром күштірек болды
Құрлықтық хоккей лигасының кезекті туры аясында астаналық «Барыс» Тольяттиде жергілікті «Ладамен кездесіп, 0:2 есебімен жеңіліп қалды.
Ойын аса тартысты өтті деп айтуға келмейді. Бірінші кезеңнің 18-минутында алаң иелері сапынан Николай Демидов гол соққаннан кейін, матч аяқталар тұсқа дейін жанкүйерлер гол көрген жоқ. Тек 54-минутта «Барыс» ойыншысы өрескел тәртіп бұзғаннан кейін төреші астаналықтардың қақпасына буллит белгілеп, оны Остап Сафин дәл орындады.
Осы жеңістен кейін «Лада» Шығыс конференциясындағы бесінші орнын нығайтып, плей-офф кезеңіне бір табан жақындай түсті. Ал, «Барыс» болса 44 ұпаймен соңғы орындардың біріне орнықты (11-орын).
Келесі матчты Олег Болякин шәкірттері 28 қаңтарда өз айдынында Қазанның «Ақ Барсымен» өткізеді.
«Лада» (Тольятти, Ресей) — «Барыс» (Астана, Қазақстан) 2:0 (1:0, 0:0, 1:0).
Шайбалар:
1:0 — 17:43 Демидов. Азшылықта
2:0 — 53:34 Сафин. Буллит
Қақпашылар: Подъяпольский — Шутов
Айыппұл: 14:6 (4:2, 2:4, 8:0).
Дереккөз: hcbarys.kz