Биатлон

Канвон-2024: Биатлоншыларымыз командалық эстафетаны 11-орынмен аяқтады

 Канвон-2024: Биатлоншыларымыз командалық эстафетаны 11-орынмен аяқтады

Оңтүстік Кореяның Канвон қаласында өтіп жатқан IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасында қазақстандық биатлоншыларымыз командалық эстафетаны 11-орынмен аяқтыды.

Бұл биатлоннан IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасының шешуші сайысы болатын. Аталған додаға 26 команда қатысты. Қазақстаннан ерлер арасында Кирилл Зотов, Антон Редькин, ал қыздар арасында Алема Карабаева мен Эвелина Мезенцева ел намысын қорғаған болатын.

Жарыс қорытындысы бойынша отандастарымыз 1:23:56.5 уақыт көрсеткішімен 11-орынға табан тіреді.

1- орын - Италия (3+11) — 1:15:12.4

2-орын - Франция (2+13) — 1:16:25.4

3-орын - Чехия (5+16) — 1:18:23.4

11-орын - Қазақстан — 1:23:56.5

Естеріңізге сала кетейік, Олимпиада ойындарының алауы 19 қаңтар күні тұтанды.

Канвон провинциясының Каннын қаласында өтіп жатқан жылдың басты жарысына Қазақстан жасөспірімдер құрамасы сапында 41 спортшы 5 спорт түрінен бақ сынап, 55 жүлде жиынтығын сарапқа салып жатыр.

Атап айтар болсақ, биатлон, керлинг, конькимен жүгіру, шорт-трек, шайбалы хоккей, шаңғы жарысы, шаңғымен тұғырдан секіру, шаңғы қоссайысы, тау шаңғысы, фристайлдан параллельді могул бойынша сынға түсіп жатыр.

Канвондағы қысқы жасөспірімдер Олимпиадасы 1 ақпан күні мәресіне жетеді.

Басқа спорттық жаңалықтар