Жасөспірімдер Олимпиадалық Ойындары

Қазақ спортшылары Канвондағы Олимпиада қалашығында қалай тұрып жатыр

 Қазақ спортшылары Канвондағы Олимпиада қалашығында қалай тұрып жатыр

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев пен Ұлттық олимпиада комитетінің басшылығы Канвон провинциясының Каннын қаласындағы Олимпиада қалашығына барып, спортшылар және бапкерлермен кездесті.

Аталған ведмоствоның баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Ермек Маржықпаев IV қысқы Жасөспірімдер Олимпиадасына қатысуға келген атлеттеріміз орналасқан бөлмелерді аралап, жалпы жиналыс өткізген.

«Бәріңізді осында, жарыс өтетін жерде көргеніме қуаныштымын. Қаншама қонақ пен спортшылардың келгенін өздеріңіз көріп жатырсыздар. Барлығы 70-тен астам елден 1800-ге жуық спортшы бар. Сіздерге күнделікті тынымсыз еңбектің арқасында осында келудің сәті түсті. Отбасыларыңыз, жанкүйерлер мен бүкіл Қазақстан сіздерге көз тігіп, қолдау көрсетіп отыр. Айтарым, тек қана алға!», - деді Ермек Маржықпаев.

Осыдан кейін Олимпиадаға дайындық штабының басшысы министрге делегацияның жұмысы жайында баяндады.

Делегация өкілдері қазіргі таңда Қазақстаннан келетін спортшылардың екінші кезегін қалашыққа орналастыру, жаттығу кестесін үйлестіру бойынша жұмыс істеп жатыр.

Жиыннан кейін Ермек Маржықпаев делегацияның жауапты өкілдеріне командаға барлық жағдайды жасауға атсалысуды тапсырды.

Айта кетейік, IV қысқы Жасөспірімдер Олимпиадасының салтанатты ашылу рәсімі ертең, 19 қаңтарда Каннын қаласындағы конькимен жүгіру спорт кешенінде (Gangneung Oval) өтеді.

Ал жабылу салтанатын 1 ақпанда Gangneung Olympic Park спорт кешені қабылдайды.

Канвон-2024 ойындарына әлемнің 80-ге жуық елінен келген 14 пен 17 жас аралығындағы 1800 спортшы қатысады.

Мұнда 7 спорт түрінің 15 бағдарламасы бойынша 81 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Қазақстан намысын 5 спорт түрінен 41 атлет қорғайды.


Дереккөз: kaz.inform

Басқа спорттық жаңалықтар