Нысана көздеу

"Команда біз ойлағаннан жақсы өнер көрсетті": Ольга Довгун лицензиялық Азия чемпионатын қорытындылады

Нысана көздеуден Қазақстан командасының бас бапкері Ольга Довгун Джакартадағы (Индонезия) Азия біріншілігін қорытындылап, команданың нәтижесі көңілден шығатынын айтты.

Бүгінде команда мүшелері елге қайта оралуда. Олар құрлық біріншілігін ойдағыдай өткізгеніне қуанышты.

"Спортшылар көңілден шықты. Біз жүлделі үш орын мен екі лицензия аламыз деп, уәде берген едік. Айтқан сөзімізде тұрдық.

Қыз-жігіттер біз ойлағаннан да жақсы өнер көрсетті. Енді жаттығуды үдете түсу керек. Көп ұзамай, Египеттегі әлем кубогіне аттанамыз.

Кубоктік кезеңге 21 қаңтарда ұшсақ деген жоспар бар. Содан соң, елде жаттығу жиынын өткіземіз", - дейді бас бапкер.

Сондай-ақ, Ольга Довгун өз командасының жолдамадан тағы да үмітті екенін жасырмады.

"Тағы бір лицензиялық турнир бар әлі. Бразилияда өтетін әлем кубогі кезеңі. Сол сында жолдамаға іліксек деген ойымыз да жоқ емес. Командада өз мүмкіндіктерін толық көрсете алмаған спортшылар бар. Солар бар әлеуетін пайдаланса деген ойдамын", - дейді Довгун.

Айта кетелік, Джакартадағы лицензиялық Азия чемпионатында Қазақстан командасы 3 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль жеңіп алды. Сондай-ақ, команда қоржынында Париж Олимпиадасының екі жолдамасы бар.


Дереккөз: olympic.kz

Басқа спорттық жаңалықтар