«Барыс» сапынан қазақстандық шабуылшы кетуі мүмкін
Шабуылшы Андрей Буяльский маусымның соңына дейін астаналық «Барыстан» кетуі мүмкін. Бұл туралы «Головой Об Лед» телеграм арнасы хабарлады.
«Хоккейші Дэвид Немировскидің сеніміне кіруді тоқтатты және көптеген жанкүйерлер оның командада барын ұмытып та кетті. Жарақат алғандар тізімінде жоқ. Қазіргі уақытта Андрей жүйеде бұрыннан келе жатқан жергілікті жастар Шайхмедденов, Оспанов, Өмірбеков, Мұхаметов, Логвин, Қайыржан, Бойко сынды хоккейшілермен бәсекеге түсе алмауда», – деп жазады дереккөз.
Инсайдердің хабарлауынша, шабуылшы «Номадқа» немесе қарағандылық «Сарыарқа» клубына ауысуы мүмкін.
Айта кетейік, Қазақстанда клуб деңгейінде Буяльский Қарағандының «Сарыарқа» және «Алматы» клубтарында өнер көрсетті. Андрей соңғы үш жылын Вермонт университетінде NCAA-да өткізді. Өткен маусымда хоккейші 25 матчқа қатысып, 11 (3+8) ұпай жинады.
Сондай-ақ, Буяльский кезінде Қазақстанның жасөспірімдер және жастар құрамаларының құрамына тұрақты шақырылды.