Жасөспірімдер Олимпиадалық Ойындары

Қазақстан ұлттық құрамасы Оңтүстік Кореяға ұшып кетті

Қазақстан ұлттық құрамасы Оңтүстік Кореяға ұшып кетті

Бүгін Астанада Қазақстан құрамасын 19 қаңтар күні Оңтүстік Кореяның Канвон қаласында басталатын IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасына шығарып салу рәсімі өтті. Жиынға конькимен жүгіруден, шорт-тректен, шаңғымен жарысудан және биатлоннан құрама команда, хоккей құрамасы, сондай-ақ, бапкерлер мен дәрігерлер, ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитет пен ҚР Спорт және туризм министрлігінің өкілдері қатысты.

Салтанатты іс-шарада Қазақстанның туын он жеті жастағы шорт-трекші Ерасыл Шыңғысхан мен конкьимен жүгіруден құрама мүшесі Кристина Шумековаға табыстау рәсімі өтті. Ерасыл мен Кристина «Ұлттар шеруінде» еліміздің көк байрағын алып шығу зор мәртебе екенін тағы да еске салып өтті.

«Еліміздің байрағын көтеріп шығу – мен үшін үлкен мәртебе. Бұл халық алдындағы жауапкершілік қана емес, елдегі бірлік пен қолдаудың үлгісі. Біз жасөспірімдер Олимпиадасында ел намысын абыроймен қорғау үшін бар күшімізді саламыз», - деді Ерасыл Шыңғысхан.

Қазақстанның спорттық делегациясы құрамында бес спорт түрі (9 дисциплина) бойынша сынға түсетін 41 спортшы бар. Атап айтар болсақ, отандық жас атлеттер биатлон, керлинг, конькимен жүгіру, шорт-трек, шаңғы жарысы, шайбалы хоккей, шаңғымен тұғырдан секіру, тау шаңғысы және фристайлдан параллельді могул бойынша бақ сынайды. Ұлттық құрамадағы спортшылардың басым бөлігі олимпиадалық деңгейдегі ірі жарысқа алғаш рет қатысып отыр.

«Жарыс алдында қандай да бір қобалжу жоқ, есесіне, жеңіске деген жігер бар. Біз әрқашан бір-бірімізге демеу болатын тұтас командамыз. Биатлонда әрбір секунд маңызды, сондықтан жетістікке жету әрқайсымызға тікелей байланысты екенін түсінеміз. Жарысқа қатысып қана қоймай, ортақ мақсатымызға – жеңіске бірге жетеміз деген ойдамын», - деді биатлоншы Ілияс Хасен.

«Жасөспірімдер Олимпиадасының мақсаты екі нәрсеге негізделген: біріншісі – олимпиадалық құндылықтармен, олимпиада миссиясы және адами қарым-қатынастармен тереңірек танысы, екіншісі – қысқы Олимпиада ойындарына жол ашу. Бұл тұрғыда 2026 жылғы Милан-Кортинаны мысалға аламыз. Мәселен, 2022 жылы Бейжіңде өткен қысқы Олимпиадада жасөспірімдер Олимпиадасының 341 қатысушысы бақ сынады. Олардың 53-і жүлдеге ілікті. Оның ішінде 24 атлет алтын медаль алған. Осындай спортшылардың қатарында тұруға сіздердің де күштеріңіз жетеді. Ең маңызды жарыс алдында сіздерге тек сәттілік тілеймін», - деді Канвон -2024 миссиясының жетекшісі, Қазақстан ҰОК спорт департаментінің басшысы Елсияр Қанағатов.

Төртінші қысқы жасөспірімдер Олимпиадасы 2024 жылдың 19 қаңтары мен 1 ақпаны аралығында өтеді. Екі апта бойы 50 елден келген 1500-ден аса спортшы жеті спорт түрі (15 дисциплина) бойнша 81 жүлде жиынтығын сарапқа салады.

Басқа спорттық жаңалықтар