Теннис

Анна Данилина US Open-нің жартылай финалына жете алмады

Анна Данилина US Open-нің жартылай финалына жете алмады
ktf

Қазақстанның жұптық сындағы бірінші ракеткасы Анна Данилина АҚШ ашық чемпионатының жартылай финалына жете алмады.

Қазақстандық теннисші ресейлік Ирина Хромачевамен бірге ширек финалда жарыстың 7-ракеткалары, украиналық Людмила Киченок пен латвиялық Елена Остапенкодан ұтылды.

Тартысты өрбіген бірінші партияда қазақстандық-ресейлік жұп бастапқыда 2:0 есебімен алға шыққанымен, тай-брейкте Киченок – Остапенко дес бермеді – 7:6 (7:2). Екінші сетте ұзаққа созылған жетінші геймде Хромачева доп бергенде, жиірек қателесіп, қарсылас дуэт сегізінші брейк-пойнтты пайдаланып кетті – 4:3. Содан кейін Остапенко матчқа доп бергенде, Киченок екеуі өз мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:4.

Бір сағат 47 минутқа созылған бәсеке барысында Данилина – Хромачева 3 эйс жасап, 1 брейк-пойнтты пайдаланды. Украиналық-латвиялық жұп 2 эйс, 2 брейкпен (10 брейк-пойнт) көзге түсті.

Осылайша, АҚШ ашық чемпионатында ересектер арасында Қазақстаннан ешкім қалмады.

Басқа спорттық жаңалықтар