Рыбакина АҚШ ашық чемпионатын сәтті бастады
Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина АҚШ ашық чемпионатының екінші айналымына өтті.
Қазақстандық теннисші бірінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 194-орында тұрған аустралиялық Дестани Айавамен ойнады.
Бірінші партияда Рыбакина қос брейк жасап, айқын басымдылық көрсетті – 6:1. Екінші сетте есеп 3:3 болған мезетте қазақстандық спортшы брейкпен алға шыққанымен, ізінше өз геймін беріп қойды – 4:4. Есеп 5:6 болып, Елена доп бергенде, Айава үш сетболын пайдалана алмады. Осыдан кейін тай-брейкте Рыбакина сәтті ойнады – 7:6 (7:1).
Бір сағат 22 минутқа созылған бәсеке барысында Рыбакина 11 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды. Айава 5 эйс, 1 брейктен (5 брейк-пойнт) аса алмады.
Енді Рыбакина АҚШ біріншілігінің үшінші айналымына өту үшін рейтингіде 173-сатыдағы франциялық Джессика Поншемен ойнайды.