Шаңғы Спорты

"Спортшылардың әлеуеті зор": тау шаңғысынан команда бапкері Олимпиадаға дайындықты қорытындылады

Тау шаңғысынан Қазақстан командасының жаттықтырушысы Марк Шпарберг Канвондағы жасөспірімдер Олимпиадасына қатысатын спортшылардың дайындығы туралы айтты. Қазіргі таңда ел намысын қорғайтын екі спортшымыз төртжылдық додасына қызу дайындалуда.

«Былтыр біз спортшыларды Италияға жіберу туралы жобаны қолға алдық. Александра Скороходова сол жақта тұрақтап, халықаралық команда құрамында дайындалуда. Кезінде мен де сол жерде жаттыққанмын. Канвондағы жасөспірімдер Олимпиадасына қатысатын спортшыларды біз үздік нәтижелері бойынша таңдап алдық. Әділетті таңдау жасағанымызға сенімдімін», - дейді бапкер.

Жасөспірімдер Олимпиадасында тау шаңғысынан Қазақстан намысын талантты спортшылар Александра Скороходова мен Ростислав Хохлов қорғайды.

«Александра Скороходова Қазақстандағы ең мықты жас спортшылардың бірі. Өткен жылы ол Италия мен Хорватиядағы ірі жарыстарда жеңіске жетті. Оған ешкім де күмән келтірмейді.

Ростислав Хохловқа келер болсақ, ол әлі жас, тәжірибесі де аздау. Дегенмен, жастығына қарамай, Ресей мен Италиядағы турнирде топ жарды.Еліміздегі 16-17 жас аралағындағы спортшылар ішінде үздік саналады», - деді Шпарберг.

Команда жетекшісі өз спортшыларының әлеуеті мен жетістігіне сенімді екенін де жасырмады.

«Спортшылардың әлеуеті жоғары, бәрі де қолдан келеді. Мен оларға сенемін. Медальдан да үмітіміз бар. Ең бастысы – қолдау керек. Тау шаңғысы – өте қымбат спорт түрі. Сондықтан жан-жақты қолдау болса, біз жақсы нәтиже көрсетеміз», - дейді Марк Шпарберг.

Оңтүстік Кореядағы жасөспірімдер Олимпиадасында Қазақстан намысын спорттың бес түрі мен 10 дисциплина бойынша 42 спортшы қорғайды. Атап айтар болсақ, биатлон, керлинг, конькимен жүгіру, шорт-трек, шайбалы хоккей, шаңғы жарысы, шаңғымен тұғырдан секіру, шаңғы қоссайысы, тау шаңғысы, фристайлдан параллельді могул бойынша бақ сынайды.

Канвондағы қысқы жасөспірімдер Олимпиадасы 19 қаңтар мен 1 ақпан аралығында өтеді. Аталған жарысқа әлемнің 50 мемлекетінен 1800 спортшы қатысады. Жеті спорт түрінен (15 дисциплина) 81 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Олимпиаданың ашылу салтанатында Қазақстан туын конькимен жүгіруден Петропавлдан ұлттық құраманың мүшесі Кристина Шумекова мен оралдық шорт-трекші Ерасыл Шыңғысхан алып шығады.

Басқа спорттық жаңалықтар