Дзюдо

Әбиба Әбужақыноваға тағы бір көлік сыйлады

 Әбиба Әбужақыноваға тағы бір көлік сыйлады

Париж Олимпиадасына қатысқан қазақстандық дзюдошы Әбиба Әбужақыноваға тағы бір көлік сыйға берілді.

Қазақстандық дзюдошының Instagram Stories-інде жарияланған видеоға сүйенсек, оған «Жеңіс» дзюдо клубының президенті атынан су жаңа автомобиль тарту етілген.

Әбиба Әбужақынова Парижден оралғалы осымен үшінші көлікті сыйға алып жатыр. Ең бірінші болып дзюдошыға «Республика» партиясының төрағасы Айдарбек Ходжаназаров көлік мінгізсе, кейін Атырау облысының әкімі де темір тұлпардың кілтін табыстаған еді.

Еске салайық, Әбиба Әбужақынова Париж Олимпиадасында 48 кг салмақ дәрежесінде белдесті. Ол қола жүлдеге таласта швециялық Тара Бабулфаттан жеңіліп, бесінші орын алған болатын.

Басқа спорттық жаңалықтар