Жасөспірімдер Олимпиадалық Ойындары

Жасөспірімдер Олимпиадасы: Қоржынымызда қанша жүлде бар

 Жасөспірімдер Олимпиадасы: Қоржынымызда қанша жүлде бар

Оңтүстік Кореяның Канвон қаласында өтетін IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасына орай, Қазақстан құрамасы осыған дейінгі ойындарда қанша медаль жеңіп алғанын еске түсіре кетуді жөн санадық.

2012 жыл: Инсбрук (Аустрия) Олимпиадасы

Қазақстан құрамасы қысқы жасөспірімдер Олимпиадасына алғаш 2012 жылы Инсбрукте өткен ойындарда өз өнерін ортаға салды. Қазірге дейінгі ең үлкен жетістігіміз де сол алғашқы Аустрия жерінде тіркелген болатын.

Атап айтсақ, ұлттық құрама мүшелері 2012 жылы Инсбрукте 1 күміс және 2 қола медальға қол жеткізді. Нәтижесінде жалпы командалық есепте 23-орынға табан тіреген еді. Аталған басты додада Галина Вишневская-Шепоренко спринтте күміс жүлде, сосын із кесу сайысында қола медальға қол жеткізді.

Ал Сергей Малышев классикалық жүріспен 10 шақырым жарыста мәре сызығын үшінші болып кесіп, қола жүлдемен марапатталып қайтты.

2016 жыл: Лиллехаммер (Норвегия) Олимпиадасы

Қазақстан жасөспірімдері екінші рет 2016 жылы Лиллехаммерде (Норвегия) өткен Олимпиада ойындарында бақ сынады. Нәтижесінде жерлестеріміз бәсі биік бәсекені 2 қола медальмен аяқтады. Осылайша жалпы командалық есепте 26-орынды місе тұтты.

Норвегия төрінде бір қола жүлдені биатлоншы Арина Пантова спринтте жеңіп алса, екінші жүлдені ел қоржынына Элизабет Тұрсынбаева мәнерлеп сырғанау спортынан салды.

2020 жыл: Лозанна (Швейцария) Олимпиадасы

Қазақ спортшылары үшінші рет 2020 жылы Лозаннада (Швейцария) өткен Қысқы ойындарға қатысты. Өкінішке қарай, ел намысын қорғауға барған 26 атлетіміздің бірде-бірі жеңіс тұғырынан көріне алмады.

Айта кетейік, Оңтүстік Кореяның Канвон қаласында өтетін IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасынның басталуына санаулы күндер ғана қалды.

Канвон қаласында ел намысын қорғауға 42 атлетіміз аттанады.


Дереккөз: kaz.inform

Басқа спорттық жаңалықтар