2024 Париж Олимпиадасы

АҚШ Олимпиадасында бұдан жоғары нәтиже көрсетеміз деп сенемін - Спорт министрі

АҚШ Олимпиадасында бұдан жоғары нәтиже көрсетеміз деп сенемін - Спорт министрі
Telegram/Turizm_jane_sport_ministrligi

ҚР Туризм және спорт министрлігі Франция астанасы – Парижде өткен XXXIII жазғы Олимпия ойындары аяқталуына орай қорытынды баяндама әзірледі. Төрт жылдықтың басты бәсекесінде Қазақстан құрамасы 1 алтын, 3 күміс, 3 қола жүлде олжалап, жалпыкомандалық есепте 43-орынға тұрақтады, деп хабарлайды Aikyn.kz.

Ел қоржынына алтын жүлдені дзюдодан 60 кг дейінгі салмақта өнер көрсеткен Елдос Сметов салды. 2016 жылы Рио Олимпиадасында – күміс, 2021 жылы Токиода қола алған отандасымыз Парижде Олимп шыңын бағындырды.

Осылайша, жерлесіміз дзюдодан Олимпиада чемпионы атанған тұңғыш қазақ спортшысы атанды. Гимнаст Нариман Құрбанов, палуан Демеу Жадыраев (77 кг) және боксшы Нұрбек Оралбай (80 кг) Олимпиаданың күміс жүлдесін олжалады. Грек-рим күресінің палуаны Демеу Жадыраев Олимпия ойындары тарихында араға 20 жыл салып осы спорт түрінен финалда белдесті. Ал Нариман Қазақстан гимнастика тарихында Олимпиадада медаль алған тұңғыш спортшы атағына ие болды. Нұрбек Оралбай бокстан Олимпиада тарихындағы 26-шы жүлдені ел қоржынына салды. Ал Ислам Сәтпаев пен Александр Ле (нысана көздеуден аралас жұптық сын), дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев (66 кг) және боксшы Назым Қызайбай (50 кг) Париж Олимпиадасының қола жүлдегері атанды.

«Екі аптадан аса уақытқа жалғасқан Париж Олимпиадасы мәресіне жетті. Төрт жылда бір келетін дүбірлі додада ел қоржынына Олимпиаданың алтыны да, күмісі де, қоласы да түсті. Осындай ауқымды спорттық іс-шарада жүлде алып, жанкүйерлерді қуанышқа бөлеген барлық спортшыны табысты нәтижесімен құттықтаймын. Әрине, спортшыларымыздың бұдан да тәуір нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндігі болды. Дегенмен, Токио Олимпиадасындағы нәтижеден сабақ алып, Парижде жетістігімізді жақсарта алдық. Төрт жылдан кейін АҚШ-та өтетін келесі Олимпиадада бұдан да жоғары нәтижеге қол жеткіземіз деген сенімдемін», – деді Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.

Басқа спорттық жаңалықтар