Магнус Карлсен блиц бойынша да чемпион атанды
25-30 желтоқсанда Самарқандта өткен шахматтың рапид және блиц түрінен VI әлем чемпионаты аяқталды.
Өзбекстанда алғаш рет Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) ұйымдастырған бұл жарысқа 50 елден 300-ден астам шахматшы қатысты.
Жалпы жүлде қоры 1 миллион АҚШ долларын құрайтын бұл әлем чемпионатының бағдарламасы бойынша 26-28 желтоқсан аралығында рапидтен 13 раунд және блицтен 21 раунд ойындар өтті.
Рапидтен қазіргі әлем чемпионы норвегиялық Магнус Карлсен VI әлем чемпионатында 10 ұпай жинап, жеңімпаз атанды. Екінші орынды словениялық Владимир Федосеев, үшінші орынды қытайлық Янъи Юй иеленді.
Әйелдер арасындағы жарысқа ФИДЕ туы астында өнер көрсеткен Анастасия Боднарук бірінші орынды жеңіп алып, 2023 жылғы әлем чемпионы атанды.
Үндістандық Хумпи Канеру күміс, қытайлық Тинцзе Лэй қола жүлдені жеңіп алды.
Сондай-ақ блиц категориясының жеңімпаздары анықталды.
Чемпионаттың рапид бағыты бойынша чемпион атанған норвегиялық Магнус Карлсен блиц бойынша да 16 ұпаймен жеңімпаз атанды.
ФИДЕ туы астында өнер көрсеткен Даниил Дубов пен Владислав Артемьев екінші және үшінші орындарды иеленді.
Бұл бағытта әйелдер арасында ФИДЕ туы астында ойнап, 14 ұпай жинаған Валентина Гунина VI әлем чемпионатының чемпионы деп танылды. Екінші орынды швейцариялық Александра Костенюк, үшінші орынды қытайлық Чжу Цзиньэр иеленді.
Чемпионат матчтарынан кейін БАҚ өкілдері үшін баспасөз мәслихаты өтті. Ұйымдастырушылар бес күнге созылған чемпионат жоғары деңгейде өткенін атап өтті.
Жеңімпаздар медальдарымен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Дереккөз: uza.uz