Теннис

Теннис федерациясында Елена Рыбакинаның денсаулығына қатысты мәлімдеме жасады

Теннис федерациясында Елена Рыбакинаның денсаулығына қатысты мәлімдеме жасады
Jimmie48 Photography, WTA

Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Диас Досқараев "Рыбакина неге Олимпиадаға бір күн қалғанда ғана ойнаудан бас тартты? Оның ауруы бұрын белгілі болған жоқ па?" деген сұраққа жауап берді.

"Еленаның сырқаттанып қалғаны бізге ол өзін әлсіз сезінген 23 шілде күні белгілі болды. Біз онымен, емдеуші дәрігерлерімен тұрақты байланыста болдық, Олимпиадаға дайын болуы үшін барлық нұсқаны қарастырып, емдеу жолдарын талқыладық. Елена кортқа шығып, ойнау үшін аурумен барынша күресті. Біз соңына дейін үміттендік – спортшыны сауықтырып, ойнауға шығару мүмкіндігі қашанда болады деп білемін. Өкінішке қарай, ойындардың басталу мерзімі жақындай келе біз оның Парижге келе алмайтынын мойындап, бұл туралы мәлімдеме жасадық", - деді ол.

Вице-президенттің сөзінше, Уимблдоннан кейін Еленаға бірден ұзақ турнирден кейінгі қалпына келу бағдарламасы ұсынылды.
 "Біз оның денсаулығына қауіп төнетінін түсіндік – Елена 2023 жылы ковидпен екі рет ауырды, ал биыл денсаулығына байланысты Рим мен Индиан-Уэллс турнирлеріне қатысудан бас тартты. Осыған орай, Түркияда қысқа демалыс пен теңіз ауасы оған пайдалы болады деп біз тиісті шешім қабылдадық. Онда жүзу, стретчинг, жүгіру және басқа да жалпы дене дайындығы бойынша жеңілдетілген жаттығулар жасалды. Содан кейін Олимпиадаға корттағы кешенді дайындық кезеңі басталды – сонда Елена денсаулығының әлсірегенін сезді", - деді ол.

Досқараев теннисшінің қазіргі жағдайы туралы да айтты.

"Жағдайы жақсарып келеді, бірақ әлі әлсіз. Венадағы Дёблинг клиникасында бірнеше рет талдаулар тапсырып, пульмонолог және басқа мамандардан кеңес алып, толық тексеруден өтті. Қазіргі кезде Елена дәрігерлерден емдеу хаттамасын алып, өзінің жаттығу базасы орналасқан Братиславада қалпына келіп жатыр", - деді ол.

Басқа спорттық жаңалықтар