Теннис

Елена Рыбакинаның жанкүйерлерге арналған жеке бейне үндеуі және федерацияның көпшілік қойған сұрақтарға жауаптары

Олимпиада ойындарында Қазақстан теннис құрамасының өнер көрсетуінің аяқталуына байланысты Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Диас Досқараевтың мәлімдемесі.

Құрметті теннис жанкүйерлері мен әуесқойлары, қадірлі отандастар!

Қазақстан теннис федерациясының атынан сіздердің тенниске деген тұрақты қолдауларыңыз бен қызығушылықтарыңыз үшін шын жүректен алғысымды білдіремін. Теннистен ұлттық құраманың Париж Олимпиадасындағы өнер көрсетуін қорытындылағым келеді. Өкінішке орай, жарыс басталғанға дейін командамыз бронхитпен ауырған Елена Рыбакина мен жарақат алған Юлия Путинцевадан айырылды. Бүгін Елена аурудан кейін қайта қалпына келіп, жанкүйерлеріне бейнеүндеу жасады, оны біз Федерацияның сайтына жарияладық. Сондай-ақ Юлия да бұған дейін теннис жанкүйерлеріне мәлімдеме жасаған еді.

Мұндай күтпеген жағдайлардың орын алуы командамызды айтарлықтай әлсіретіп, жалпы нәтижеге әсерін тигізді. Оның үстіне Александр Бублик пен Александр Шевченко жарыстың бірінші айналымында өз матчтарында есе жіберіп алды. Жұп разрядта Александр Бублик Александр Недовесов те тиісті нәтиже көрсете алмады, сөйтіп бірінші матчтан кейін Олимпиада ойындарынан шығып қалды. Қазақстан теннис федерациясы бұл нәтижені қанағаттанарлықсыз деп таниды және бүкіл жауапкершілікті өзіне алады. Біз қолымыздан келгеннің бәрін жасадық, бірақ бұл жеткіліксіз болды. Біз жанкүйерлеріміздің үлкен үміт күткенін түсінеміз және үміттеріңізді ақтамағанымыз үшін кешірім сұраймыз. БАҚ пен жұртшылықтың федерациямызға қатысты көптеген сұрақтары туындауда. Біз оларды жинақтап, ең өзектілеріне төменде жауап бердік. Біз сын үшін де, сындарлы қарым-қатынас үшін де барынша ашық болып қала береміз: егер қосымша сұрақтарыңыз туындаса, бізге кез келген уақытта хабарласуларыңызды өтінемін.

Достар, мен сіздерге теннисшілерімізді кінәламасаңыздар екен деп өтініш айтқым келеді. Теннисшілеріміз бұған дейін түрлі халықаралық жарыстарда Қазақстан құрамасында бірнеше рет аянбай, мақтанарлықтай өнер көрсетті, енді өздерінің атына айтылып жатқан қатал сынды есту оларға да оңай соғып жатқан жоқ. Мен өзім көп жылдар бойы теннистен Қазақстан құрамасының капитаны болдым, ешбір спортшы алда өзін не күтіп тұрғанын болжай алмайды, кенеттен жарақат алу, ауырып қалу немесе сәтсіз өнер көрсету аяқ астынан екенін жақсы білемін. Спортшының тез оңалып, қалпына келіп, жаңа жеңістерге қол жеткізуі оның моральдық жағдайына, көңіл-күйіне көп байланысты.

Спортшыларымызға қолдау көрсетуіңізді өтініп сұраймын және біздің теннисшілеріміз жақын арада бізді әсерлі ойынымен қуантып, алдағы «Дэвис кубогы» мен «Билли Джин Кинг» кубогында Қазақстан құрамасында керемет ойын көрсете алады деп үміттенемін. Біз ойыншыларымыздың, соның ішінде федерациямыздың жасөспірім тәрбиеленушілерінің, әлеуетіне кәміл сенеміз және Сіздердің қолдауыңызбен біздің құрама халықаралық аренада жоғары спорттық көрсеткіштерге қол жеткізетініне күмәнданбаймыз.


Құрметпен, Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Диас Досқараев.


Бейне үндеудің мәтіні (аудармасы)

Құрметті жанкүйерлер, Отандастарым!

Сіздерге Париждегі Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсете алмағаныма өзімнің қаншалықты ренжігенімді және өкінетінімді айтып хабарлаймын.

Мен командамен бірге белсенді дайындалдып, өкінішке орай, дәл жарыс басталар алдында сырқап қалдым. Дене қызуым қатты көтеріліп, тыныс алуым да қиын болды, дәрігерлер маған кортқа шығуға қатаң тыйым салды.

Барлық қазақстандық жанкүйерлерден ақталмаған үміттеріңіз үшін кешірім сұрағым келеді. Бұл жағдай жүрегіме өте қатты тиді, өйткені мен өз командаммен осы Олимпиада ойындарында жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін көп жұмыс жасағанмын және медаль жеңгім келді.

Токиода өткен Олимпиадада мен медаль алуға өте жақын болдым және медаль алу менің үлкен мақсатым болып қала берді. Мен жақын арада кортқа шыға аламын деп үміттенемін.

Барлық отандастарыма алғысымды жеткізгім келеді, өйткені әлемнің қай түкпірінде ойнасам да сіздер маған әрқашан айтарлықтай қолдау көрсетесіздер. Стадиондарда көк байрағымызды көріп әрқашан қуанамын.

Көп рахмет және кортқа жақын арада ораламын деп үміттенемін.


ҚАЗАҚСТАН ТЕННИС ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ ДИАС ДОСҚАРАЕВТЫҢ ЖҰРТШЫЛЫҚ ПЕН БАҚ ӨКІЛДЕРІНДЕ ТУЫНДАҒАН СҰРАҚТАРҒА ЖАУАПТАРЫ.

1. Рыбакина неге Олимпиадаға бір күн қалғанда ғана ойнаудан бас тартты? Оның ауруы бұрын белгілі болған жоқ па?

- Еленаның сырқаттанып қалғаны бізге ол өзін әлсіз сезінген 23 шілде күні белгілі болды. Біз онымен, емдеуші дәрігерлерімен тұрақты байланыста болдық, Олимпиадаға дайын болуы үшін барлық нұсқаны қарастырып, емдеу жолдарын талқыладық. Елена кортқа шығып, ойнау үшін аурумен барынша күресті. Біз соңына дейін үміттендік – спортшыны сауықтырып, ойнауға шығару мүмкіндігі қашанда болады деп білемін. Өкінішке қарай, ойындардың басталу мерзімі жақындай келе біз оның Парижге келе алмайтынын мойындап, бұл туралы мәлімдеме жасадық.

2. ⁠Ол қашан науқастанып қалды, дайындық кезінде ме, демалыста ма?

- Уимблдоннан кейін Еленаға бірден ұзақ турнирден кейінгі қалпына келу бағдарламасы ұсынылды. Біз оның денсаулығына қауіп төнетінін түсіндік – Елена 2023 жылы ковидпен екі рет ауырды, ал биыл денсаулығына байланысты Рим мен Индиан-Уэллс турнирлеріне қатысудан бас тартты. Осыған орай, Түркияда қысқа демалыс пен теңіз ауасы оған пайдалы болады деп біз тиісті шешім қабылдадық. Онда жүзу, стретчинг, жүгіру және басқа да жалпы дене дайындығы бойынша жеңілдетілген жаттығулар жасалды. Содан кейін Олимпиадаға корттағы кешенді дайындық кезеңі басталды – сонда Елена денсаулығының әлсірегенін сезді.

3. Қазір Елена өзін қалай сезінеді? Ол үйде ем алып жатыр ма, ауруханада ма?

- Жағдайы жақсарып келеді, бірақ әлі әлсіз. Венадағы Дёблинг клиникасында бірнеше рет талдаулар тапсырып, пульмонолог және басқа мамандардан кеңес алып, толық тексеруден өтті. Қазіргі кезде Елена дәрігерлерден емдеу хаттамасын алып, өзінің жаттығу базасы орналасқан Братиславада қалпына келуде.

4. Ол қазақстандықтардың әлеуметтік желідегі реніштері жөнінде не ойлайды?

- Әрине, бұл жағдай Еленаға қатты тиді. Ол әрқашан Қазақстан құрамасы үшін барын салып ойнайды, біздің туымыз астында мақтанышпен өнер көрсетеді. Басқа кез келген адам секілді, өзінің атына жазылған жағымсыз сөздерді оқу оған ауыр.

5. Елена 6 тамызда басталатын Торонто турнирінде тіркелген. Соған қатысуды жоспарлап отыр ма?

- Торонто сияқты ірі жарыстарға барлық жетекші теннисшілер WTA талаптарына сәйкес бірнеше ай бұрын тіркеледі. Өкінішке қарай, Елена Торонтода денсаулығына байланысты ойнай алмайды, өйткені сырқатынан толық айыққан жоқ. Тіпті әлі кортқа да шыққан жоқ. Қазіргі кезде оның командасы Торонто турниріне қатысудан ресми түрде бас тарту үшін медициналық құжаттарды әзірлеуде.

6. Таяу уақытта Елена еліміз үшін қандай жарыстарда ойнауды жоспарлап отыр?

- Бұл туралы айту әзірге қиын, себебі ол әлі де емделіп, қалпына келу үстінде.

7. Путинцева неліктен матч алдындағы жаттығу кезінде ойнаудан бас тартты? Сіз оның жай-күйі туралы одан бұрын білдіңіз бе, сонда да кортқа шығуға жол бердіңіз бе?

- Иә, біз Юлияның Уимблдон кезінде жарақат алғанын білдік. Бірақ оның кортқа шығуға аз ғана мүмкіндігі болды. Емдеудің тізе, тегіршік, буынға қаншалықты әсер ететінін алдын ала білу қиын. Юлияны емдеу кезінде біз мезотерапия, егу, мұз қою, түрлі массаж және физиотерапевтің көмегін пайдаландық. Ол Парижге келді. Біз дайындалып, арнайы фиксатормен, препаратпен ауруды басып ойнауды ойладық. Бұл Олимпиада ғой, сондықтан кейін өкінбес үшін қандай да болсын мүмкіндікті пайдаланып қалуға тырыстық, біз барлық нұсқаны зерттедік. Бірақ Юлия жаттығу кезінде қатты ауруды сезінді, дәрігерлер мұның тегіршікті мүлдем үзіп алуға соқтыруы мүмкін екендігін айтты. Сол себепті біз жарысқа қатысудан бас тарту жөнінде шешім қабылдадық.

8. Қазір Юлия өзін қалай сезінеді? Кортқа қашан оралатынын айтуға бола ма?

- Юлия қазір емделуде. Дәрігерлер әзірге кортқа шығуға тыйым салды. Тізе буынындағы ісіктің кетуі үшін тыныштық керек. Оның тегіршігінің алдыңғы жағы үзілген, Бейкер кистасында да ішінара үзік бар. Емнің қашанға созылатынын біз білмейміз.

9. Құрама теннисшілері мемлекеттік бюджеттен қаржы алады ма?

- Федерация бұл сауалға бұрын бірнеше рет жауап берген еді, қайталап атап өткім келеді – мемлекеттік бюджеттен бір тиін қаражат алмаймыз. Қазақстан теннис федерациясы тек жеке демеушілердің есебінен қаржыланады. Біз қоғамдық ұйымбыз, біздің барлық қаражатымыз ашық көрсетіледі.

10. Қазір теннис федерациясының жылдық бюджеті қанша? Жастарды дамытуға қанша қаржы бөлінеді?

- Федерацияның жылдық бюджеті жобаларға байланысты, орта есеппен жылына 12-15 млн АҚШ доллары шамасында. Біз неге доллармен айтып отырмыз? Өйткені турнирді өткізуге, жасөспірімдерді қосқанда, ойыншылардың іссапарына, шетелдік жаттықтырушылардың ақысын төлеуге кететін шығындар шетелдік валютамен есептеледі. Топ-ойыншылар өз шығындарының басым бөлігін турнирлерде алатын сыйақысы есебінен жабады. Өз кезегінде федерация топ-ойыншыларға қарағанда, өзінің қазақстандық жас тәрбиеленушілеріне қаражатты 8 есе көп жұмсайды.

11. Ал онда олимпиадалық құрамада неге тек легионерлер? Біздің өз теннисшілеріміз қайда?

- Осы сұраққа қатысты мынаны атап өткен маңызды, теннисте олимпиадалық лицензия жеке теннисшіге беріледі. Қазақстан төлқұжаты бар әр ойыншы ай сайын түрлі жарыстарға қатысып, жеке өз басы үшін рейтингілік ұпай жинайды. Содан кейін олар өзінің жеке рейтингіне сәйкес Олимпиадаға жолдама алады немесе лицензияға қол жеткізе алмайды. Олимпиадаға қай теннисшінің баратынын федерация емес, Халықаралық олимпиада комитеті шешеді. Екіншіден, теннистің біздің елде тек 17 жыл бұрын ғана қауырт дами бастағанын атап өткім келеді. Алғашқы 5 жылда федерация болашақ табыстарға негіз қалады, елде теннис орталықтары ашылып, олардың саны бүгін 38-ге жетіп отыр. Талантты балалар тенниске белсенді тартыла бастады. Осыған орай, қазақстандық теннис мектебінің «өнімдері» Әмір Омарханов, Заңғар Нұрланұлы, Дамир Жалғасбай, Даниал Рахматуллаев, Полина Слепцова, Асылжан Арыстанбекова, Ева Корышева және басқалардың ересек жарыстарда сәтті өнер көрсетіп, Олимпиадаға лицензия алуы үшін әлі кемінде 3-4 жыл керек. Әрине, өз теннисшілерімізді дамыту біз үшін басым бағыт болып есептеледі. Бірақ олар бос жерде дами алмайды. Олардың көз алдында жеңімпаздардың үлгісі болуы керек, қазақстандық теннистің беделі жыл сайын нығаюы тиіс. Біз жасөспірім командаларымыздың қазірдің өзінде Дэвис кубогы мен Билли Джин Кинг кубогында ТОП-10-ға кіргенін көріп отырмыз. Біздің жастар теннисі Азияда мойындалған, құрлықтағы мықты командалардың бірі. Олар әлемдік деңгейде де табысты ойнауда, бірақ жастарға ересектер арасында халықаралық аренада елімізді таныту үшін тәжірибе керек, рейтингі де қажет. Тиісті рейтингілік деңгейге көтерілген кезде жастарымыз Олимпиадада ел намысын қорғай алады.

12. 2024 жылғы Олимпиадаға федерацияның дайындық жұмысын сіз қалай бағалар едіңіз?

- Біз күткендегідей нәтиже болмады. Біздің спортшылар жеке рейтингілеріне және Халықаралық олимпиада комитетінің ережесіне сәйкес алты лицензияға қол жеткізді. Бізде ерлер мен әйелдер арасында жекелей сында екі-екіден лицензия болды. Сосын ерлер арасында жұптық сында және миксте бір-бірден. Елена Рыбакинаның жарыстан бас тартуы бізді тығырыққа тіреді, өйткені одан үмітіміз мол еді, Олимпиада ойындарына белсенді түрде дайындадық. Міне, сол үшін Елена сәуірде топырақ төсенішіндегі кортта ойнады, олимпиада алтыны үшін негізгі қарсыласы, әлемнің бірінші ракеткасы Ига Швентекті ұтты. Өкінішке қарай, ауру бөгет болып, біздің жоспарымызды жүзеге асыруға мүмкіндік бермеді. Юлия Путинцева ойнауға ұмтылды, жақсы ойын көрсетті. Оның Олимпиада қарсаңында сол Швентекті жеңіп алғанын еске алыңыз. Александр Бубликке қиын болатынын түсіндік, өйткені топырақ төсеніші оның оң жамбасына келмейді. Тек жұптық сында мүмкіндігі болды, себебі Александр Недовесов жақсы бабында еді. Бірақ олар мықты бразилиялықтарға тап келді. Александр Шевченко аяғына дейін күресті, бірақ оның да қарсыласы оңай емес, топырақ төсенішіне бейімделген чехиялық спортшы еді. Шевченко үшін бұл бірінші Олимпиада, оның әлі өзінің шынайы деңгейін көрсететіне сенімдіміз.

13. Биыл біздің теннис жанкүйерлері алда неден үміттене алады?

- Олимпиаданың теннис бағдарламасы біз үшін аяқталды, біз оны қорытындылап, барлық қателіктерді ескереміз. Алда маңызды ойындар күтіп тұр. Ерлер құрамасы қыркүйекте өз елімізде Дэвис кубогы аясында Даниямен ойнайды, біз оған тыңғылықты дайындалып, әлемдік топтағы орнымызды сақтап қалуға тырысамыз. Плей-офта жеңген команда келесі жылы іріктеу сайыстарына қатысады. Сондай-ақ Билли Джин Кинг кубогында әйелдер құрамасына Корея Республикасымен ауыр матчтар күтіп тұр. 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасы әлем чемпионатына жолдама алды, қарашада Түркияда өз ойындарын өткізеді. Біз теннисшілеріміздің халықаралық додаларда өз жеңістерімен міндетті түрде қуантатынына сенеміз.

Басқа спорттық жаңалықтар