Велоспорт

Париж Олимпидасына баратын қазақстандық велоспортшылар белгілі

Париж Олимпидасына баратын қазақстандық велоспортшылар белгілі
Olympic.kz

Тас жолдағы велоспорттан Қазақстан командасы Париж Олимпиадасына қатысатын спортшылар есімін жариялады. Франция астанасында еліміздің намысын екі шабандоз қорғайды. Олар – Евгений Федоров пен Алексей Луценко. Қазақстан құрамасының аға жаттықтыушысы Даниил Фоминыхтың айтуынша, екі спортшы қазір Astana Kazakhstan Team велокомандасы сапында ірі жарыстарға қатысуда, деп жазады Olympic.kz.

Тас жолдағы велоспорттан Қазақстан командасы еншісінде үш лицензия бар. Үшеуі де жекелеген спортшыларға емес, командаға берілді. Париж ойындарына квота 2023 жылғы маусымдағы құрама нәтижесіне қарай бөлінді. UCI әлемдік рейтингі бойынша Қазақстан командасы 3660.24 ұпаймен 19-орыннан көрінген. Бір квота жекелей жарысқа, екі квота топтық жарысқа беріліп отыр.

Парижге аттанатын екі велоспортшымыз да андерлер арасында әлем чемпионы атанған. Алексей Луценко 2012 жылы топ жарса, Евгений Федоров араға он жыл салып, 2022 жылы алтын медаль жеңіп алды.

«Олимпиадада екі мықты спортшымыз өнер көрсетеді. Алексей Луценко мен Евгений Федоров. Луценко жекелей және топтық сында өнер көрсетсе, Федоров тек топтық жарыста бақ сынайды. Жыл бойы бұл велошабандоздар Astana Kazakhstan Team командасы сапында әлемдік додаларға қатысуда. Қазіргі таңда олар «Тур де Франс» көпкүндігінде сынға түсіп жатыр. Содан соң аздаған үзіліс алып, қалпына келеді де, Олимпиада ойындарына қатысады», - дейді ұлттық құраманың аға бапкері Даниил Фоминых.

Басқа спорттық жаңалықтар